Жаңалықтар

8 адам зорлаған: 15 жасар қыздың ісіне қатысты 2 күдікті ұсталды

8 адам зорлаған: 15 жасар қыздың ісіне қатысты 2 күдікті ұсталды / Фото: Shutterstock

Жасөспірім қыз өзін сегіз жігіттің зорлағанын айтып берді. Олар қорқыту және бопсалау арқылы оны түнде үйден шығуға мәжбүрлеп, заңсыз әрекеттер жасап келген. Алматы облысының Тегістік ауылында 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды, деп хабарлады өңірлік прокуратура.

Бұған дейін заңгер Инга Иманбай мен зардап шеккен қыздың өзі баспасөз мәслихатын өткізіп, жетім қыздың екі ай бойы 16-25 жас аралығындағы сегіз жігіт тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан болатын.

Олар мектеп оқушысын қорқытып, бопсалау арқылы түнде үйінен шығуға мәжбүрлеп, зорлап келген.

Қыз ата-анасынан айырылған, ағасы мен жеңгесінің отбасында тәрбиеленіп жатыр.

Жағдайды мектеп директоры біліп, бұл туралы зардап шегушінің ағасына хабарлаған, ол полицияға арыз түсірген. Алайда баспасөз мәслихаты өткенге дейін ешкім ұсталмаған еді.

«Алматы облысының прокуратурасы Райымбек ауданының Тегістік ауылында 16 жасқа толмағаны анық белгілі адаммен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлайды. Облыс прокуратурасының бастамасымен тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс Қонаев қалалық полиция басқармасына тергеуге берілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Басқармада арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті тұлғалардың шеңбері анықталды, олардың екеуі ұсталып, УҰИ-ға қамалды. Қалған күдіктілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді прокуратурадан.

Тергеу барысы облыс прокурорының ерекше бақылауында.