Жаңалықтар

Аида Балаева футболшы Дастан Сәтбаевқа «Дарын» сыйлығын табыстады

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева талантты футболшыға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын салтанатты түрде табыстады.

Министр өз құттықтауында спортшының жетістіктері өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі екенін атап өтті:

«Бүгінде сіз үздік нәтижелер көрсетіп, балаларды және бүкіл қоғамды футбол ойнауға, спортты қолдауға жігерлендіріп жүрсіз. Президентіміз атап өткендей, кез келген еңбек ел дамуы үшін құнды әрі маңызды. Сіздің табыстарыңыз жалғаса беретініне сенімдімін. Бұл марапат жаңа белестерге жол ашып, өзгелерге мотивация берсін», – деді Аида Балаева.

«Дарын» сыйлығы туралы

Бұл беделді марапат жыл сайын талантты жастарға ғылыми және шығармашылық қызмет, қоғамдық жұмыс, жоғары спорттық жетістіктері бойынша беріледі.

Айта кетейік, Дастан Сәтбаев 16 жасында Англияның «Челси» футбол клубымен келісімшартқа отырып, 18 жасқа толған шағында Лондонға аттанады. «Қайрат» сапында бірнеше рекорд орнатқан еді.