Ақтөбеде курсанттың қазасына кінәлі деп танылған екі әскери қызметші сотталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Ақтөбеде курсанттың қазасына кінәлі деп танылған екі әскери қызметші сотталды / Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтөбеде курсанттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Екі әскери қызметші «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» бабы бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат«.

Сот үкімі

Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты 2025 жылы қаза тапқан болатын. Сот шешімімен:

  • Сотталушы Нұржан Әйденов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Сотталушы Заманбек Төлеген 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі жәбірленуші тарапқа 20 миллион теңге көлемінде өтемақы төлейтін болды. Екі сотталушы да жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Сотталушылардың соңғы сөзі

Сот отырысы кезінде айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Олардың пайымдауынша, тергеу нағыз жауапты тұлғаларды анықтамаған.

«Істе парашютті жинаған және қоймаға жауапты адамдар жоқ. Олардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілмеді деп есептеймін. Олар дайындалмаған парашютті қалай беріп жіберген? Бұл сұрақ ашық күйінде қалды», – деді Нұржан Әйденов.

Екінші сотталушы Заманбек Төлеген де қайғылы оқиғаға парашютті жинауға және беруге жауапты мамандардың салғырттығы себеп болғанын алға тартты:

«Мен бұл жағдайды өзгертіп, ұлыңызды қайтара алмаймын. Бірақ мен бұл жерде негізгі кінәлі емеспін. 2025 жылдың шілдесінен бері менің де отбасым мазасыз күйде. Соттан сотқа дейінгі тергеуде жіберілген қателіктерді ескеруді сұраймын», – деді ол.

Жәбірленуші тараптың ұстанымы

Ақтөбе облыстық әскери сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева үкімді түсіндіру барысында жәбірленуші тараптың пікірі ескерілгенін атап өтті. Қаза тапқан курсанттың туыстары сотталушыларға кешірім берген жоқ және оларды қатаң жазалауды талап етті.

Сотталушылар үкім оқылған бойда сот залында қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз