
Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр төрінде өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында ерлер арасындағы алғашқы алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. 60 келі салмақ дәрежесінде ұлттық құраманың намысын қорғаған Оразбек Асылқұлов құрлық біріншілігінің чемпионы атанды.
Финалдық айқаста отандасымыз үндістандық Сачин Сачинмен кездесті.
Бірінші раунд: Қарсылас белсенділік танытып, төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен алға шықты. Екінші раундта Оразбек тактикасын өзгертіп, жүйелі соққылардың арқасында басымдықты қолға ала бастады (3:2). Шешуші сәтте Асылқұлов қайтпас қайсар мінез көрсетіп, соққыларды жаудырды.
Қорытынды есеп бойынша 3:2 есебімен жеңіске жеткен Оразбек Асылқұлов Азия чемпионы атағын иеленді.
Оразбектің бұл жеңісі бүгін шаршы алаңға шығатын өзге де қазақ боксшыларына үлкен серпін берері сөзсіз. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйелдер құрамасынан Надежда Рябец пен Дина Исламбекова алтын медаль иеленген еді.
Енді алдағы сағаттарда тағы 4 боксшымыз Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек және Айбек Оралбайлар алтын үшін бақ сынайды.