
Төтенше жағдайлар министрлігі Есіл өзенін Солтүстік Қазақстаннан өтіп, Ресей шекарасына барғанша бақылауға алған. Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.
«Қостанай мен Қарағанды өңірінде су тасқыны болады деген қауіп жоқ. Көбіне су Есіл өзені бойымен ағып жатыр. Есіл өзенін бақылауда ұстаймыз. Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы ортасында су бар. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар министрлігі мониторинг жүргізеді», – дейді Жылқайдаров.
Айтуынша, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облысы және Алматы облысының таулы аймағында ғана қар бар. Басқа өңірлерде қар еріп кеткен.
Айта кетейік, 5 сәуірде Ақмола облысы Қорғалжын ауданында «Шөптікөл» бөгеті бұзылды. Гидротехникалық нысан Сабынды ауылынан солтүстікке қарай бар болғаны 2 шақырым жерде орналасқан.