
Қазақстандағы Азия даму банкінің аға экономисі Геннадий Рау биыл инфляция төмендеп, экономикалық өсім шамамен 5% деңгейінде сақталса халықтың әл-ауқаты жақсарып, нақты табысының өскенін байқауы мүмкін екендігін айтты.
«Өкінішке қарай, статистикаға қарасақ, табыс айтарлықтай өспеген. 2025 жылғы халықтың нақты табысы бойынша деректерді қарасақ, олар өсудің орнына тіпті аздап төмендегені де байқалды. Бұл жағдайда үкіметтің өзі де басты себеп ретінде жоғары инфляцияны атап өтті. Үкімет инфляцияны төмендету үшін қажетті шара қабылдап жатыр», – деді ол.
Былтыр қазан айында Экономика министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс жоспарын қабылдады. Оның аясында экономикадағы несиелеуді «суыту» шаралары іске асырылды. Осыған байланысты тұтынушылық несие беру тәртібі айтарлықтай қатаңдады.
«Тұтынушылық несие инфляцияны тұтыну арнасы арқылы үдетеді: елге импорттық тауарлар көптеп әкелінеді немесе ақша массасы өседі. Сонымен қатар, жанар-жағармай бағасын және кейбір тарифтерді уақытша тоқтату шаралары енгізілді, бұл да инфляцияны тежеуге ықпал етеді», – деді Геннадий Рау.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта тарифтерді көтеру кезінде олардың инфляцияға әсері міндетті түрде ескерілетіні айтылды. Яғни алдын ала есептеулер жүргізіледі, егер әсері айтарлықтай болмаса ғана тиісті тарифтер бекітіледі.
Осылайша, үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны төмендету бағытында бірлесіп әрекет етіп жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың нақты табысының өсуін сезінуіне ықпал етуі тиіс.