
Танымал кәсіпкер, меценат Дулат Тастекейге Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды.
Дулат Тастекей сыйлыққа тиесілі қаражатты жеке қажеттілігіне жаратпай, оны ел игілігі мен ұрпақтың рухани дамуына бағытталған жобаларға жұмсайтынын жеткізді.
«Алаш атындағы сыйлық – мен үшін марапат емес, аманат. Бұл өткен үшін берілген баға емес, болашақ алдындағы жауапкершіліктің жүгі. Оған тиесілі қаражатты елге, білімге, ұрпақтың рухани кемелденуіне қызмет ететін ізгі бастамаларға бағыттау – мен үшін әлдеқайда маңызды», – деп жазды кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгінде Дулат Тастекейдің бастамасымен әдебиетті ұлықтауға және оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асып келеді:
«100 өлең» жобасы: Қазақ поэзиясының жауһарларын мыңдаған жастың жүрегіне ұялатып, жыр насихатын жаңа деңгейге көтерді.
«Артық білім – кітапта» жобасы: Кітап оқуды трендке айналдырып, жүз мыңдаған оқырманды сапалы әдебиетпен қауыштырды.
Кәсіпкер өз сөзінде Алаш арыстарының басты мұрасы жауапкершілік екенін атап өтіп, сол жолға адал болу әр қазақтың парызы екенін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін футболшы Дастан Сәтбаевқа «Дарын» жастар сыйлығы табысталғаны туралы жазған едік.