Қоғам

Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке психиатриялық сараптама тағайындалды

Сұлтан Сәрсемалиевке сараптама тағайындалды/фото: Атырау полициясы

Қайын жұртын өлтірді деген күдікке ілінген атыраулық Сұлтан Сәрсемалиевке бірқатар сараптама тағайындалды. Бұл туралы Атырау облысы прокуратурасы хабарлады.

«Сәрсемалиевке қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалды. Қорытындысы әлі шыққан жоқ», – деп хабарлады прокуратура.

Бұған дейін қылмыстық істегі екінші күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваның Алматыға жіберілгені айтылды. Күдіктіге кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілді.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Атырауда із-түссіз жоғалған жанұя не жасырған? | Что скрывала семья, исчезнувшая в Атырау?

Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылғаны айтылды. Олар Индонезияда ұсталды. Күдіктілерді ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.

Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.