
Жерорта теңізінің орталық бөлігінде кеме апатқа ұшырап, 80 астам мигрант із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. Қайық Ливияның жағалаудағы Таджура қаласынан шығып, жолда аударылып кеткен, деп хабарлайды The Associated Press.
БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) алдын ала мәліметтері бойынша, кеме Ливияның Таджура қаласынан шығып, Еуропаға бағыт алған. IOM дерегінше, бортта 120-ға жуық адам болған.
Сапар кезінде қайық қолайсыз ауа райына тап болып, ішіне су тола бастаған, соңында аударылып кеткен.
32 адам құтқарылды. Оларды сауда кемесі мен буксир бортына шығарып алып, кейін Италияның жағалау күзеті тірі қалғандарды Лампедуза аралына жеткізді. Сондай-ақ, кем дегенде екі адамның мәйіті табылғаны белгілі болды.
Жерорта теңізі мигранттар үшін ең қауіпті бағыттардың бірі болып қала береді. Адамдар Еуропаға жету үмітімен теңізді кесіп өтуге жиі әрекеттенеді, бірақ мұндай сапарлар көбіне қайғылы жағдаймен аяқталады.
IOM мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері бұл бағыт соңғы жылдардағы ең қауіпті жолға айналды – қаза тапқандар саны қазірдің өзінде мыңға жуықтап қалды.