Жаңалықтар

Нұрлан Сабуровқа тағы бір елде өнер көрсетуге тыйым салынды

Нұрлан Сабуров, Диана Сабурова.
фото Диана Сабурованың инстаграм парақшасынан алынды

Молдова билігі ресейлік әнші Диана Арбенина мен әзілкеш Нұрлан Сабуровтың елде концерт бергенін құптамайды. Сондай-ақ мәдениет министрлігі ұйымдастырушыларға әнші Олег Винниктің концертін де өткізбеуге кеңес берді. Ведомство бұл шараларды өткізуді «орынсыз» деп санайтынын мәлімдеді.

«Мәдениет министрлігі жақын арада Молдова Республикасында әртістер Диана Арбенина, Нұрлан Сабуров және Олег Винниктің қатысуымен өтуі тиіс үш бірдей іс-шараны өткізуді орынсыз деп санайды», – делінген министрліктің Facebook парақшасындағы хабарламада.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, іс-шара ұйымдастырушыларға жүргізілген бағалау қорытындысы туралы хабарланған. Оларға аталған үш әртіспен жасалған кез келген келісімшартты тоқтату ұсынылды. Министрлік бұл қадамды «олардың Молдова Республикасының аумағына кіре алмай қалуы немесе іс-шаралардың мүлдем тоқтатылуы сияқты жағдайлардың алдын алу үшін» жасап отырғанын түсіндірді.

Ақпанда Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салған еді. Ресейлік басылымдардың жазуынша, «соғысқа кетесің не еліңе қайтасың» деп шарт қойылған.