Жаңалықтар

«Отбасы банк» «Ұмайды» іске қосу үшін 90 млрд теңге қарыз алады

Фото: Делия Айдаралиева

«Отбасы банк» «Ұмай» мен «Жасыл ипотеканы» іске қосу үшін 90 млрд теңге қарыз алады. Екі бағдарлама да биыл басталуы мүмкін.

2 мың адам ипотека ала алады

Бұл қаражатты «Отбасы банк» Азия даму банкінен алады. Ресурстың негізгі бөлігі әйелдерге арналған ипотеканы қаржыландыруға жұмсалады. 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады деп жоспарланған.

Ал «Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында энергия үнемдейтін («жасыл») үйлерді алуға да жеңілдіктер беріледі. Банк өкілдері мұндай үйлерде коммуналдық төлемдер (жарық, жылу) арзанырақ болатынын айтады.

Азия даму банкінің директоры Уцав Кумардың айтуынша, жоба азаматтарға электр қуатына кететін ақшаны үнемдеуге көмектеседі және елімізде сапалы, заманауи үйлердің көптеп салынуына түрткі болады.

«Ұмай» мен «Жасыл ипотеканың» шарты қандай?

«Ұмай» бағдарламасы бойынша әйелдер дайын баспана сатып ала алады. Сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясынан» (ҚТК) кепілдігі бар немесе сақтандыру құралы қолданылатын, салынып жатқан нысандардан пәтер алуға мүмкіндік бар. Екінші нарықтан, салынғанына он жылдан аспаған пәтер алуға болады. «Отбасы банктің» хабарлауынша, тұрғын үй сатып алу мен жөндеу жұмыстарына бір несие рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Несиені 25 жыл мерзімге алуға болады, ең жоғары сома – 50 млн теңге. Жөндеу жұмыстарына арналған қарызға дәл осындай мерзімге 15 млн теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарына қарыз алу үшін банктегі депозитте 0-ден 50%-ға дейінгі бастапқы жарна болуға тиіс.

«Жасыл ипотека» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алынатын үйлер құрылыстың «жасыл стандартына» сәйкес келуі және OMIR сертификаты (күміс, алтын немесе платина деңгейі) болуы шарт.

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Ұмай» бағдарламасы шілде-тамыз айларында басталуы мүмкін.