
Павлодарда №116 балабақшаның 33 жастағы тәрбиешісіне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ойын аймағынан түсірілген шошырлық видео желіге тарап кеткеннен кейін үлкен жанжал туындады.
Кадрлардан әйелдің бүлдіршіндерді ұрып-соғып, итеріп, лақтырып және шашынан сүйреп жүргенін көруге болады. Іс бойынша тергеу сегіз айға созылды. Нәтижесінде 16 бала жәбірленуші деп танылды.
Сот-медициналық сараптама бірнеше сәбидің денесінде көгерулер мен сырылулар бар екенін растады. Әйелге Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы – ҚР ҚК-нің 140-бабы («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») және ҚР ҚК-нің 110-бабы («Қинау») бойынша айып тағылып отыр.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Дәурен Қосдәулетов соттың бейнежазбаларды көріп шыққанын және куәгерлердің бір бөлігінен жауап алғанын хабарлады.
«Біз материалдарды қарауды және куәгерлерден жауап алуды аяқтап қалдық, алда айыпталушының өзінен жауап алу процесі тұр. Бүгін прокурор жаңа айыптау актісін ұсынды: енді бір бап бойынша 11 бала, ал екінші бап бойынша тағы бес бала жәбірленуші деп танылды. Видеоны көргеннен кейін тағы бір баланың қорлық көргені белгілі болды. Сот іс материалдарымен толық танысуымыз үшін уақыт берді. Сейсенбіде отырыс жалғасады. Куәгерлерге әлі де сұрақтар көп. Видеода олардың кейбірі қасында болса да, болып жатқан жағдайға ешқандай реакция білдірмегені көрінеді. Бұдан кейін жарыссөз болады», — деді ол.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың жазында балалардың мінезі өзгеріп, мазасызданып, балабақшаға барудан бас тартқан соң, ата-аналар бірінші болып дабыл қаққан еді.