Полицейлер 9 қабатты үйдің төбесінен 16 жастағы қызды құтқарып қалды

Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері қайғылы жағдайдың алдын алып, тоғыз қабатты үйдің шатырының жиегінде тұрған қызды құтқарып қалды.
Өңірлік полиция баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 сәуірде Университет көшесінде болған. Шатырдағы жасөспірім туралы хабарлама Жедел басқару орталығына түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Жалғас Смағұлов пен Ғылымхан Қаратағанов келді. Полицейлер қызбен сөйлесуге тырысқанымен, ол ешқандай жауап бермеген. Осыдан кейін олар шатырға көтеріліп, қолайлы сәтте оны қауіпсіз жерге алып шықты.
«Біз уақыт созуға болмайтынын түсіндік. Абайлап жақындап, ыңғайлы сәтте оны қауіпсіз аймаққа шығардық», — деді патрульдік полиция инспекторы Ғылымхан Қаратағанов.
Құтқарылғаннан кейін қыз есінен танып қалған. Полицейлер оны есін жиғызып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Қазіргі уақытта ол медиктердің бақылауында.