Lifestyle

Қазақстандық әншілер жаздан бастап әнін қолданғандардан ақша алады

Әншілерге әні орындалғаны үшін жаздан бастап ақша төленеді/фото: shutterstock

Қазақстандық әншілер мен продюсерлер әндерін қолданғандардан жыл сайын 30 млрд теңге алуға тиіс. Бұл туралы әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Америка, Еуропада музыка, ән орындалғаны үшін әнші де, продюсер де ақша алады. Бізде бұл іс жүзінде жұмыс істемейді. Қазақстандық әншілер мен продюсерлердің 30 млрд теңге алмағанын көріп отырмыз. Енді «QazCopyright» бірыңғай цифрлық платформасында бәрі ашық көрініп тұрады. Ішінде әннің телеарна, радиода қанша рет қосылғаны туралы ақпарат бар», – дейді Бекболат Молдабеков.

Айтуынша, бұл процесті ашық етіп, авторларға жыл сайын шамамен 30 млрд теңге алуға мүмкіндік береді.

«Әртіс мобильді қосымшадан әнінің қанша рет орындалғанын көре алады. Алғашқы төлем 2026 жылдың маусым, шілдесінде түседі деп жоспарланған. Келер жылы телеарна мен радиодан бөлек, тізімге бар, караоке, мейрамханаларды қосуды жоспарлап отырмыз. Барлығын eGov 3.0 жүйесіне енгіземіз», – дейді вице-министр.

Жұмыс үш кезеңнен тұрады. I кезең (2026 жылдың 23 қаңтарынан бастап): телеарналар мен радиостанциялар үшін платформа іске қосылды.

II кезең (2026 жылдың шілдесіне дейін): театрлар, кинотеатрлар, галереялар, кабельдік операторлар және авторлар қосылады.

III кезең (2026 жылдың шілдесінен бастап): жаппай пайдаланушылар (кафе, мейрамханалар, дүкендер, көлік, онлайн платформалар және т.б.).

Айта кетейік, бұған дейін әнші Bayansulu (Баянсұлу Сағындықова) мен композитор Қуат Әбіл арасында авторлық құқық төңірегінде дау шықты.