Қоғам

Рұқсат берілмеген жерде кәуап пісіргендерге айыппұл салынады

шашлык кәуапхана
ТЖМ кәуап пісіруге қатысты ақпарат берді/фото: shutterstock

Рұқсат берілмеген жерде от жаққандарға айыппұл салынады. Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.

Сөзінше, рұқсат етілмеген жерде от жаққан адамға алдымен ескерту жасалады. Талап орындамаса, 5 АЕК (21625 теңге, 1 АЕК – 4 325 теңге) айыппұл салынады.

«Кәуап пісіруге болатын арнайы орындар бар. Рұқсат берілмеген жерде от жақса ғана айыппұл салынады», – дейді Жылқайдаров.

Заң нормаларына сәйкес, ауа райы жақсы кезде ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта арнайы бөлінген орындарда от жағуға және қалдықтарды жағуға рұқсат етіледі.

Ал мангалды (барбекюді, грильді) ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 10 метр қашықтықта пісіруге болады. Жанында бір өрт сөндіргіш немесе кемінде 10 литр су болуға тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында қоғамдық тамақтану орындары жоспардан тыс тексерілді. 12 рейд барысында жергілікті кәуапханалар экология талаптарын орындамағаны анықталды.