
Моңғолия астанасында өтіп жатқан құрлықтық біріншіліктің финалдық кезеңінде 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шешуші жекпе-жек өтті. Бұл сында отандасымыз Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Жавохир Абдурахимовпен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Сабыржан кездесудің алғашқы секундынан бастап басымдықты өз қолына алды.
Бірінші раундта жерлесіміз дәл соққыларының арқасында 4:1 есебімен алға шықты.
Екінші және үшінші раундта Сабыржан қарқынды бәсеңдетпестен, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Шаршы алаңдағы қозғалысы мен қорғанысының жинақылығы арқасында басымдығын соңына дейін сақтап қалды.
Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебі тіркеліп, Сабыржан Аққалықов Азия чемпионы атанды.
Бүгінгі финалдық күн ерлер құрамасы үшін өте нәтижелі өтуде. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында: Екі алтын, бір күміс, екі қола медаль бар. Ендігі кезекте финалда ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар өнер көрсетеді.