
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және аз қамтылған отбасыларды алаяқтық жолмен тақырға отырғызған «Ц» қоғамдық қоры басшысының үстінен үкім шықты.
Сотта белгілі болғандай, сотталушы С. 2023 жылдан 2025 жылдың наурызына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істей жүріп, ақша жымқырудың қылмыстық схемасын іске асырған.
Ол жәбірленушілерге мынадай жалған ақпарат берген:
- Қорда «демеушілер» бар және олар баспана сатып алуға көмектеседі;
- Пәтерлер жеңілдетілген шарттармен және пайызсыз несиемен беріледі;
- Мемлекеттік кезектегі орынды алға жылжытуға болады.
Сенімге кіру үшін ол жәбірленушілерге, тіпті қор қызметкерлері мен құрылыс салушыларға пәтерлерді жалған көрсету шараларын ұйымдастырған. Алғашқы жарна немесе «демеушілік көмек үшін үлес» деген желеумен адамдардан ақша жинап, оны өз қажетіне жаратқан.
2025 жылы басшылық қызметке ресми тағайындалғаннан кейін, С. ұйымның банктік шотына қол жеткізген. Ол электрондық кілтті пайдаланып, қордың 5 млн теңгеден астам қаражатын өзінің жеке шотына аударып алған.
Сот шешімі және жаза
Іс бойынша барлығы 29 қылмыстық эпизод қаралды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 130 млн теңгені құрайды.
Сот С.-ны ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) және 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алу немесе жұмсау) бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Жаза максималды қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Сондай-ақ, ол 6 жыл бойы материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Жәбірленушілердің шығынды өндіру туралы талап арыздары толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.