Жаңалықтар

Трамп пен Меланияны Эпштейн таныстырды деген әңгімені бірінші ханым жоққа шығарды

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Эпштейнге қатысты қауесеттерге орай мәлімдеме жасады
Бірінші ханым Мелания Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасады / фото: REUTERS/Evan Vucci

АҚШ-тың бірінші ханымы Меления Трамп 9 сәуір күні Ақ үй дәлізінде қаржыгер Джеффри Эпштейн туралы мәлімдеме жасады. Ол интернетте таралған қауесеттерді жоққа шығарды.

Эпштейн құрбаны емеспін

Америка президентінің әйелі Мелания Трамп Эпштейннің құрбаны еместігін айтты. Бұған қоса, бірінші ханым Трамп екеуін қаржыгер таныстырды деген болжамның да өтірік екенін мәлімдеді. Сонымен бірге Мелания Конгрестен Эпштейн құрбандарына ашық тыңдау өткізуге мүмкіндік беруді сұрады.

«Мені Джеффри Эпштейнмен байланыстырған қаңқу сөз бүгін тыйылуға тиіс», – деп мәлімдеді президенттің әйелі. Оның айтқандарын Reuters жариялады.

Бірінші ханым Ақ үй дәлізінде алдын ала дайындалған мәлімдемесін ғана оқып беріп, журналистер сауалдарына жауап берген жоқ.

«Эпштейннің құрбаны емеспін. Дональд Трамппен мені Эпштейн таныстырған жоқ. Болашақ күйеуіммен 1998 жылы Нью-Йорктегі бір кеште кездейсоқ таныстым», – деп ақталды Мелания.

Эпштейннің бұрынғы досы Трамп онымен байланысты 2000-шы жылдардың басында үзгенін айтқан.

Құпия құжаттар

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн  жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен 2019 жылғы 6 шілдеде екінші мәрте ұсталды. Сотталушыға 45 жыл түрме жазасына тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.

2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейнге қатысты 3 млн құжат жариялаған. Олардың ішінде Қазақстанның саяси элитасы өкілдерінің аты-жөні аталған.

Құпия құжаттардан Джеффри Эпштейннің Қазақстанмен тығыз байланыста болғаны анықталды. Файлдарда бірнеше қазақ шенеунігінің есімі жүр.

Қазақстан прокуратурасы «ескі Қазақстан» шенеуніктерінің Эпштейнмен байланысын тексеріп жатыр.