
Түркістан облысында Жетісай, Мақтаарал аудандарының шаруалары 45 күнде қырыққабат өсіріп шығарды. Қазір өнімдерді сатылымға шығаруға дайындап жатыр деп хабарлады Су шаруашылығы және ирригация министрлігі.
Фермерлердің сөзінше, өнім тез пісіп шығуына суару жүйесі әсер еткен.
«Биыл 10 гектарға жуық жерге егін ектік. Қырыққабат пен қауын өсіріп жатырмыз. Тәжірибе ретінде төрт гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнаттық. Нәтижесі жаман емес, сондықтан алдағы уақытта да мұндай жүйелерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ субсидия алуға өтінім береміз. Биыл «Қазсушар» мекемесімен келісімшартқа отырдық, соның арқасында су уақытылы келіп тұр», – деді Жетісай ауданының фермері Ермахан Тасов.
Министрлік мәліметінше, Шымкент қаласы мен облыстағы 330 мың гектардан аса суармалы жер бар. Олардың 60 мың гектары бақша аудандары.
Түркістан шаруалары қырыққабат пен қызылша егуді қыс ортасы қаңтарда бастап кеткен. Сол кезде фермерлер заманауи суару технологиясы арқылы бастайтынын айтып, алғашқы өнім сәуір айында пісіп жетіледі деп уәде берген еді.