Экономика

Ұлттық Банк теңгенің күшеюіне әсер еткен төрт себепті атады

ҰБ-тың теңге бағамына қатысты пікірі / фото: gemini generated

Қазақстан Ұлттық Банкі ішкі валюта нарығындағы қазіргі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова соңғы уақыттағы теңге бағамының нығаюына қандай ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп жатқанын түсіндірді.

Халық пен бизнестің долларға сұранысының азаюы

Биылғы жылдың басында қарапайым халық та, кәсіпкерлер де шетел валютасын жаппай сатып алуды доғарды. 2025 жылы дәл осы уақытта компаниялар долларды көптеп сатып алып жатса, биыл керісінше, қолда бар валюталарын сатып, теңгеге көшіп жатыр. Осы бір ғана өзгерістің өзі нарыққа шамамен 1,1 млрд доллар көлемінде пайда әкелді. Валютаға сұраныс азайғандықтан, теңгенің позициясы айтарлықтай нығая түсті.

Мұнай бағасы мен маусымдық факторлардың әсері

Теңгенің күшеюіне табиғи және сыртқы факторлар да жақсы әсер етіп тұр. Әдетте жыл басында сауда-саттық пен іскерлік белсенділік бәсеңдейді. Тарихи статистикаға сүйенсек, бірінші тоқсанда теңге орта есеппен екі пайыздан астам мөлшерде өздігінен нығаяды және бұл қалыпты жағдай болып саналады. Сонымен қатар әлемдегі түрлі саяси жағдайларға байланысты мұнай бағасы барреліне 90-95 доллардан түспей тұр. Біздің ел үшін мұнайдың қымбат болғаны өте тиімді, өйткені экспорттан түсетін доллар көбейіп, ол теңгенің тұрақтылығына тікелей үлес қосады.

Шетелдік инвесторлардың теңгеге деген сенімі

Қазір шетелдік инвесторлар Қазақстанның құнды қағаздарына ақша салуға өте қызығушылық танытып жатыр. Жыл басынан бері олар қосымша 375 миллиард теңге әкеліп құйған, сөйтіп жалпы көлемі 2,2 триллион теңгеге жетті. Инвесторлар біздің құнды қағаздарды алу үшін өз долларларын әкеліп, теңгеге айырбастайды. Теңгеге деген сұраныс артқан соң, оның құны да өседі. Оған қоса, Таяу Шығыстағы шиеленістерге алаңдаған кейбір инвесторлар ақшаларын қауіпсіз әрі табысты бағыт ретінде Қазақстанға аударып жатқан жайы бар.

Ұлттық Банктің нарыққа қатысуы

Көпшілік Ұлттық Банк бағамды қолдан ұстап отыр деп ойлауы мүмкін, бірақ жағдай басқаша. Банктің жасап жатқаны бұрыннан жоспарланған іс-әрекеттер ғана. Мәселен, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша шамамен 2,1 млрд доллар көлемінде валюта сатылды, бұл – «айналау» қағидаты аясындағы операциялар. Сонымен қатар Ұлттық қордан шамамен 1,2 млрд доллар көлемінде трансферт бөлу қарастырылған.

Ұлттық банктің пікірінше қазіргі уақытта теңгенің жағдайы өте жақсы, себебі бірнеше жағымды жағдай қатар келді. Долларға деген қажеттілік азайды, мұнай бағасы жоғары, шетелдіктер теңгені сатып алып жатыр және елге келетін валюта көлемі жеткілікті. Ұлттық Банк жағдайдың тұрақты екенін және нарыққа жасанды түрде араласудың қажеті жоқ екенін айтады. Барлық процесс экономикалық заңдылықтарға сай, табиғи түрде жүріп жатыр.

Доллардың құны

10 сәуірдегі Астана уақытымен 16:00 де KASE валюта қорында доллардың соңғы сауда құны 472,80 теңге. Сауда саттық көлемі 345 млн долларға дейін жуықтады. Алматы қаласындағы айырбас орындары долларды 470-472 теңгеден сатып алуда, ал 473-475 теңгеге сатуда.