
Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының қазасынан кейін күдікті деп танылғандардың бірі Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жіберілді. Бұл туралы өңір прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, төрт адамның қазасынан кейін қозғалған қылмыстық істе екі күдікті бар. Бірі – отбасының күйеу баласы болған Сұлтан Сәрсемалиев, екіншісі – отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева.
Бұған дейін бұрынғы ерлі-зайыпты Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезиядан Атырауға жеткізілді. Содан кейін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мұқанғалиеваның психиатриялық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
«Мұқанғалиева Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін жіберілді», – деп хабарлады Атырау облысы прокуратурасы.
Прокуратураның хабарлауынша, сараптама қорытындысы дайын болған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Мұқанғалиеваның әрекеті әлі сараланбаған. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмады. Істің барлық мән-жайы анықталып, тағайындалған сараптама нәтижесі алынғаннан кейін ғана күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі», – делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін күдіктілер Индонезияда ұсталды. Оларды ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.
