Ақнәр Гүлстанның жұмбақ өлімі: Тергеудің созылғанына 600 күннен асты
Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты іс әлі күнге дейін сотқа жетпеген. Марқұмның анасы Гүлстан Хамит тергеудің тым ұзаққа созылып кеткеніне байланысты кезекті рет үндеу жасап, әділдік талап етті.
Оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетсек, 22 жастағы бойжеткен Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, мерт болған еді.
Полиция бұл оқиғаны Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркеген. Марқұмның жақындары бұл нұсқамен мүлдем келіспейді. Олардың айтуынша, Ақнәрдің денесінде азаптау белгілері болған: шашы жұлынған, тырнақтары сынған және денесінде тістелген іздер табылған.
«628 күн күтумен өтті»
Ақнәрдің анасы тергеу амалдарының бір жыл тоғыз айға (628 күн) созылып кеткеніне ашынады. Оның айтуынша, іс «кабинеттен кабинетке» көшіп, нақты нәтиже бермей отыр.
«Бұл істің созылуы – жүйелі мәселе ме, әлде жекелеген тұлғалардың жауапсыздығы ма? Неге осы уақытқа дейін кінәлілер бостандықта жүр?» – дейді ашынған ана.
Марқұмның анасы Гүлстан Хамит қызының өлімі болған күні оның қасында болған күдікті тұлғаның әлі күнге дейін жазасыз жүргеніне наразы. Туыстары істің «Өзін-өзі өлтіру» бабынан «Адам өлтіру» бабына қайта қайта қаралуын және тергеудің ашық жүруін талап етіп отыр.