«Ақшасы қайтарылады»: оқу-ағарту министрі аттестацияға қатысты сұрақтарға жауап берді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аттестация жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сөзінше, келген сауалдарды бірнеше топқа бөлген.
«Биыл аттестацияға қатысқан барлық педагогтің құқығы толық сақталады. Яғни, пәндік тестін тапсырған, портфолиосын жүктеген барлық педагог жалпы аттестация процесін толық аяқтайды. Тест тапсырып, бірақ портфолиосын жүктеп үлгермегендерге қосымша мүмкіндік қарастырылады», – деді Сүлейменова.
Осылайша, берілген уақыт ішінде мұғалімдер аттестация процесін аяқтай алады.
«Педагогтердің білімін бағалау тестін тапсырып, шекті балл жинай алмай, ақылы негізде тест тапсыруға тіркелген ұстаздардың төлеген қаражаты қайтарылады. Сіздердің қазіргі санаттарыңыз сақталады», – деді министр.
Айтуынша, 2027 жылдың қаңтарына дейін бұл мұғалімдердің санаты өзгермейді. Қаңтарда жаңа ереже енгізіледі. Соған сәйкес аттестация процесін бастай алады.
Бұған дейін министр мұғалімдерді аттестациялау барысындағы пәндік білімін бағалау (ПББ) тестін тапсырудан босату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.