Қоғам

Жыл басынан бері үш тонна есірткі тәркіленді

ІІМ үш айдағы жұмысты қорытындылады/коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Жыл басталған үш айда 34 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Ішкі істер министрлігі 10-ы синтетикалық есірткі өндіретін 10 зертхана мен 24 фитозертхана табылған.

«Мысалы, Талдықорған қаласында шетел азаматтары бірден екі есірткі зертханасын ұйымдастырған. Жабдықтар, реагенттер және дайын есірткі өнімдері тәркіленді. Күдіктілердің әрекеттері DarkNet арқылы жүргізілген. Жалпы заңсыз айналымнан шамамен үш тонна есірткі, оның ішінде 840 килограмм синтетика тәркіленді. Бұл үш миллионнан астам бір реттік дозаға тең», – делінген ақпаратта.

Ресми ақпаратқа сәйкес, есірткі бизнесіне келтірілген шығын 29 миллиард теңгеден асады.

«11 тонна прекурсор айналымға жіберілмеді. Шамамен 6 мың қазақстандық және 108 мың шетелдік карт-шот бұғатталып, олар бойынша барлық транзакция түріне шектеу қойылды. 93 миллион теңге көлеміндегі қаражат тоқтатылды», – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Бұған дейін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы Данияр Мейрхан қызметтен шеттетілді.