270 млрд доллар инвестиция: Таяу Шығыстағы соғыс Қытайды алаңдатып отыр

Жарияланды 13 Сәуір 2026 12:03

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Таяу Шығысқа Қытай қанша инвестиция салады / фото: gemini generated

Қытай Иранның негізгі одақтасы саналғанымен, қазір басты назары мен капиталын Парсы шығанағы елдеріне бұрды. Араб мемлекеттері қазба байлықтан бас тартып, «жасыл» технология мен туризмге бет бұрған тұста, Бейжің бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланды.

Нәтижесінде бұл аймақ «Бір белдеу, бір жол» жобасының орталығына айналып, Bloomberg мәліметінше АҚШ салған әрбір 1 долларға Қытай шамамен 2,34 доллар инвестиция құйып отыр.

Соғыс қаупі және дипломатиялық тепе-теңдік

Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыстар Қытайдың 20 жыл ішінде салған 270 млрд долларлық активтеріне үлкен қауіп төндіріп тұр. Қазірдің өзінде бірнеше нысан соққы астында қалып, құны 4,66 млрд доллар болатын тағы 12 жоба жоғары қауіп аймағында тұр.

Оған қоса, көшуге қаражаты болмай, қақтығыс ошағында қалған мыңдаған қытай жұмысшының тағдыры алаңдатады. Сол себепті Бейжің Иранды да, араб елдерін де сабырға шақырып, дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға мәжбүр.

Үздіксіз экономикалық үстемдік

2005 жылдан бері Қытай Таяу Шығысқа 269 млрд доллардан астам қаржы жұмсады. Оның ішінде Сауд Арабиясы (82 млрд) мен БАӘ (48 млрд) көш бастап тұрса, Иранға 25 млрд доллар тиесілі. Ал 2024 жылы аймақпен тауар айналымы 317 млрд долларға жетті.

Бұл – АҚШ-пен жасалған сауда-саттықтан шамамен төрт есе көп көрсеткіш, яғни Қытайдың Таяу Шығыс экономикасына қаншалықты терең енгенін айқын дәлелдейді.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 13 сәуір күні Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазын бөгейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.

Сондай-ақ оқыңыз