
ҚР ҰСБ мәіліметінше 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде тасымалданған жалпы жолаушылар саны 3,4 миллион адам болса, оның басым бөлігі тек үш қалаға тиесілі. Алматы қаласы 1,35 миллион көрсеткішпен бүкіл елдің 40 пайызын құрап отыр. Одан кейін 944,5 мың адаммен Астана және 345 мың адаммен Шымкент қалалары орналасқан. Егер осы үш мегаполистің санын қоссақ, елдегі барлық жолаушылардың шамамен 77 пайызын құрайды. Бұл деген сөз, еліміздегі экономикалық белсенділік пен ішкі көші-қонның негізгі күретамыры осы үш мегаполисте соғып тұр. Адамдар жұмысқа, оқуға, іссапарға немесе демалысқа негізінен осы қалаларға қатынайды немесе осы қалалар арқылы транзитпен өтеді.
«Мұнайлы Батыстың» тоқтаусыз қозғалысы
Егер үш мегаполисті алып тастасақ, аймақтар арасында 147 мыңмен Маңғыстау, 139,7 мыңмен Атырау және 111 мыңмен Ақтөбе облыстары сөзсіз көш бастап тұр. Бұл тікелей мұнай-газ секторындағы жоғары іскерлік белсенділікпен және вахталық жұмыс әдісімен байланысты. Жұмысшылардың кеніштерге және үйлеріне үнемі ары-бері қатынауы осы аймақтардағы көлік трафигін еселеп арттырып отыр.
Агломерацияға «жұтылған» облыстар
Кестедегі ең таңғаларлық сандар Алматы облысына тиесілі 0,33 мың адам немесе 330 адам және Ақмола облысына тиесілі 5,79 мың адам көрсеткіштері. Тұтас облыстарда жолаушылар санының мұншалықты аз болуының өз құпиясы бар. Бұл облыстар тұрғындарының басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларының көліктік инфрақұрылымын тікелей пайдаланады. Қала маңындағы елді мекендердің негізгі трафигі мегаполистердің статистикасына кіріп кеткендіктен, облыстың өзіндегі ресми көрсеткіш өте төмен болып көрінеді.
Жұмбақ Павлодар
Кестеде Павлодар облысының тұсында сызықша тұр. Бұл ол жақта ешкім ешқайда бармайды деген сөз емес. Бұл нақты осы статистикалық кезеңде немесе көліктің дәл осы түрі бойынша мәліметтердің жоқтығын немесе есепке алынбағанын көрсетеді.
Жаңа облыстардың қадамы
Жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының көрсеткіштері әзірге орташа немесе төмен деңгейде. Бұл олардың логистикалық және көліктік хаб ретіндегі инфрақұрылымы енді ғана қалыптасып, дамып келе жатқанын білдіреді.
Еске сала кетейік, Kursiv Media 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жүк тасымалын талдаған болатын.