78 алматылықтың 110 млн теңгесін қағып алған пирамида бойынша тергеу аяқталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock

Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеу аяқталды.

ҚМА департаменті тергеу барысында күдіктінің бір жыл бойы Алматы қаласы аумағында жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарғанын анықтаған.

Жоба «www.boxywealth.com» интернет-ресурсы және мессенджерлер арқылы, оның ішінде «Күнделікті табыс» чаты арқылы жұмыс істеген. Алғашында халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат таратылып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тартқан.

«Қатысу үшін пайдаланушыларға түрлі пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Бұл үшін күніне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде еткен. Қосымша ретінде жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус есептелетін рефералдық жүйе жұмыс істеген», – делінген ақпаратта.

Қаражат қабылдау жеке тұлғалардың (дропперлердің) банктік шоттары арқылы жүргізіліп, кейін қаражат P2P-операциялар арқылы криптовалютаға аударылған.

Сенім қалыптастыру мақсатында компания тіркеліп, офис жұмысы ұйымдастырылған. Жарнамалық науқан жүргізілген. «Табыстылық» көрсеткіштері көрсетіліп, салымшыларға кеңес беру қамтамасыз етілген.

Нәтижесінде 78 жәбірленуші пирамидаға 110 млн теңгеден астам қаражат салған.

Күдікті қамауға алынды. Соттың санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Мұның алдында Алматыда 90 мың адамды тартып үлгерген «Asar Baspana» қаржылық пирамидасының қызметіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған еді.

Сондай-ақ оқыңыз