«Әйел айғайлап жатты»: үш бала қайтыс болған үйдің көршісі не көргенін айтып берді

Астанада үш бала қайтыс болған көпқабатты үйдің тұрғыны өрт шыққан түнгі оқиға қалай болғанын айтып берді.
Threads желісінде @asha_1299 деп тіркелген қолданушының айтуынша, оқиға болған түні сағат 01:17 шамасында оянып кеткен. Бастапқыда пәтерінде күйіктің иісі шығып жатыр деп ойлаған, артынан түтінді көрген.
«Алла…Алла…Алла… деген дауысты естідім. Баспалдаққа қарай жүгіріп, ол жердің бәрінде түтін басқанын көрдім. Сонда ғана қабырғалас көршінің пәтерінде өрт шыққанын түсіндім. Олардың пәтеріне барып, есігін қақтым, бірақ ешкім есік маңына келмеді. Содан кейін басқа көршілердің есігін қаға бастадым. Ешкім есік ашпады. 101-ге де хабарласа алмадым», – дейді тұрғын.
Сөзінше, бір уақытта ерлі-зайыпты пәтерінің есігін ашқан. Олар да не болып жатқанын бірден түсінбеген. Әйел өрт шыққанын, шұғыл көмектесу қажет екенін айтқан.
«Ер адамға қарап, ішінде адам өліп кетуі мүмкін екенін, көмектесуін сұрадым. Ішінде әйел айғайлап жатты. Ер адамдар қолында сайманы жоқ екенін айтты. Содан кейін өз пәтеріме барып, 101-ге хабарластым. Қабырғаның арғы жағында ыңырсыған дауыс естіліп тұрды», – дейді ол.
Артынша тұрғындар көшеге бет алған. Сол уақытта өрт сөндірушілер пәтерге қарай көтерілген.
Сөзінше, көршілердің бәрі ол үйде әйел мен үш бала тұратынын білген. Бастапқыда балалардың үйде болмағаны туралы ақпарат тараған.
«Жылы киімдерімді алуға пәтеріме көтерілдім. Сол кезде ғана балалардың қайтыс болғанын білдім. Көз жасымды тоқтата алмадым. Қабырғаның арғы жағынан ол балалардың дауысын күнде еститінмін», – дейді тұрғын.
Айтуынша, тұрғын үйден шыққан кезде әйелдің күйеуі мен туыстарын көрген.
Үш баланың өлімі
2026 жылдың 12 сәуірінде Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш бала қайтыс болды.
Оқиға Түркістан көшесінде орналасқан «Көркем» тұрғын үй кешенінде болған.
Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратына сәйкес, өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 Көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
Астананың денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, балалардың анасы №1 көпсалалы қалалық ауруханада жатыр.