
Алматы қаласында 70 автокөліктің шығаратын түтіні қаншалықты лас екені тегін тексерілді. «Eco Almaty» акцияны жиі өткізуді көздеп отыр. Мекеме бұған дейін шаһардағы 700 лас көлікке айыппұл салған.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жүргізушілер көліктерінің нақты техникалық жағдайын біліп, мамандардан қажетті кеңес алды.
Мониторинг барысында мынадай көрсеткіштер өлшенді:
- көміртек тотығы (CO);
- көмірқышқыл газы (CO₂);
- азот тотығы (NO);
- көмірсутектер (CH):
- оттегі (O₂);
- пайдаланылған газдардың түтіндену көрсеткіші.
Мамандар осылардың ауа сапасына әсерін түсіндіріп, көлікті пайдалану кезінде нені ескеру қажет екеніне тоқталды.
Айта кетейік, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 6 сәуір күні экология мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, ауаның ластануын азайту шаралары күшейтілетінін ескерткен. Жиналыста 700-ден астам көлік иесіне кемі 50 мың теңге айыппұл салынынғаны мәлім болған.