Алматыда Қаныш Сәтбаевтың бейітіне сакура көшеттері отырғызылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media

Алматылық жастар қазақ геология ғылымының негізін салушы, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай ерекше акция ұйымдастырды. Ғалымның рухына тағзым етуге келген жас буын оның қабірінің басына сакура көшеттерін екті. Бұл туралы баспагер Санжар Керімбай хабарлады.

Санжар Керімбайдың айтуынша, бұрын Қаныш Сәтбаевтың басына санаулы ғана туыстары мен жақындары гүл қоятын, ал қазір келіп тағзым етіп, келіп жатқан жастардың қарасы көп.

«Алматы жастары тарихи тізбекке қайта жалғанып жатыр. Мұсылманша зияраттап, Құран оқып, рухына дұға жасаушы дәстүр оралды. Күні кеше алғашқы академиктің туған күнін жастар өте әдемі атап өтті», – деп жазды Санжар Керімбай.

Неге Сакура ағашы?

Қаныш Сәтбаев бейітіне сакура көшеттерінің егілуі терең философиялық мәнге ие. Бұл таңдау ғалымның өмірі мен оның ғылымдағы өшпес мұрасы арасындағы байланысты көрсетеді. Сакура гүлінің өміршеңдігі қысқа болғанымен, оның жыл сайын қайта түлеп, айналаға сұлулық сыйлайтыны секілді, академиктің де фәни дүниедегі ғұмыры өткінші болды, бірақ қалдырған ғылыми жемістер мен интеллектуалдық мұра бүгінгі ұрпақпен бірге қайта жаңғырып отыр.

Еске сала кетейік, 12 сәуір күні Астанада да Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі өткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз