АҚШ пен Иран келісе алмаған соң, мұнай қайтадан қымбаттап жатыр

Құрама Штаттар мен Иран арасындағы бейбіт келіссөздер сәтсіз аяқталған соң, әлем нарығында мұнай бағасы қайтадан көтеріліп жатыр. Сарапшылар Brent-тің бір баррелі 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжайды.
Сәтсіз келіссөз
Өткен демалыс күндері АҚШ пен Иран делегацияларының Исламабадтағы келіссөзі шамамен 21 сағатқа созылғанына қарамастан, тараптар ортақ келісімге келе алмады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 13 сәуір күні Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазын бөгейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.
Ресми Тегеран Трампың бұл әрекетінен түк шықпайды деп отыр.
«Ормұз бұғазын ашу үшін Ираннан жеңіліс тапқан Құрама Штаттардың әскери-теңіз бөгеті де сәтсіздікке ұшырайды», – деп мәлімдеді Иран жоғары көсемінің кеңесшісі Мохсен Резаи. Оның сөздерін CNN телеарнасы жариялады.
Мұнай бағасы
Геосаяси ахуалдың одан сайын шиеленісуі әлем экономикасына әсер етіп жатыр. Мәселен, Brent маркалы мұнай бағасы 12 сәуірден бері үздіксіз көтерілді. Қазір оның бір баррелі шамамен 102 доллар тұрады. Исламабадтағы келіссөздер қарсаңында оның құны 94 долларға дейін түскен.
Болжам
Бұл уақытта Onyx компаниясы мұнай бағасы 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды.
«Егер АҚШ шынымен бұғазға бөгет қойса, онда мұнай бағасы 140-150 долларға дейін көтерілуі мүмкін», – деп мәлімдеді Onyx Capital Group басқарушы директоры Хорхе Монтепеке Bloomberg эфирінде.
Оның пікірінше, маңызды бұғазды бұғаттау салдарынан өңірдегі мұнай өндірісі тәулігіне 12 млн баррельге дейін қысқаруы мүмкін.