АҚШ пен Иран келіссөздерінің сәтсіздігі теңгеге қалай әсер етеді

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
АҚШ пен Иран келіссөздерінің сәтсіздігі теңгеге қалай әсер етеді
Мұнай бағасы барреліне 200 доллар: Иран билігі сес көрсетті / Фото: Shutterstock

Исламбадта өткен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталды. Нәтижесінде Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс күшейіп, мұнай бағасы өсуі мүмкін. Бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Мұнай қымбаттаса, теңге нығаяды

Tengenomika дерегіне сүйенсек, мұндай геосаяси шиеленіс, ең алдымен, мұнай нарығына әсер етеді. Таяу Шығыс – әлемдік мұнай тасымалының негізгі орталықтарының бірі болғандықтан, кез келген тұрақсыздық мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, жағдай ушыққан жағдайда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін.

Қазақстан үшін бұл жағдай тікелей елдің экономикасына әсер етуші фактор ретінде маңызды. Мұнай бағасының өсуі экспортты арттырып, елге келетін валюталық кірісті көбейтеді. Ұлттық валюта үшін қолайлы қысқа мерзімді сыртқы жағдайды қалыптастырады. Сондықтан өзге факторлар өзгеріссіз қалған жағдайда мұнай бағасының кезекті өсуі теңгенің нығаюына әсер етуі мүмкін.

Теңге мен мұнай арасындағы байланыс

Статистикаға сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар айының басынан 10 сәуірге дейінгі аралықта Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы мен АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы арасындағы корреляция -84,8 пайызды құрады. Бұл мұнай мен доллар арасындағы жоғары деңгейдегі кері байланыс бар екенін көрсетеді. Яғни 2026 жылы мұнай бағасының өсуі көбіне теңгенің нығаюымен қатар жүрсе, ал мұнай арзандаған кезде ұлттық валюта әлсіреген.

Тереңірек қарасақ, арнайы талдау мұнай бағасының теңгеге айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді. Есеп бойынша, теңге бағамы өзгерісінің шамамен 72 пайызы мұнай бағасына байланысты. Яғни мұнай қымбаттаса теңге нығаяды, арзандаса әлсірейді. Ал қалған 28 пайызға басқа факторлар әсер етеді. Олардың қатарында доллардың әлемдегі жағдайы, ресей рублінің өзгерісі, ел ішіндегі валютаға сұраныс, салық кезеңі, Ұлттық қордың операциялары және инфляция сияқты көрсеткіштер бар.

Бұл тұжырым теңге бағамын кездейсоқ немесе тек әкімшілік жолмен қалыптасатын көрсеткіш ретінде қарастырудан арылуға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, 2026 жылы теңге бағамының динамикасы айтарлықтай дәрежеде мұнай нарығындағы жағдайға тәуелді болып отыр.

Егер АҚШ пен Иран келіссөздерінің сәтсіздігі жаңа шиеленіске ұласып, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асса, бұл теңге үшін іргелі қолдаудың күшеюін білдіруі мүмкін.

Дегенмен, статистика жоғары болғанымен, валюта нарығы әрдайым бірнеше факторға тәуелді. Соған қарамастан, қазіргі есептеулер мұнай бағасы биыл теңге бағамының негізгі анықтаушы факторы болып отырғанын көрсетеді. Сондықтан Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуы Қазақстан үшін жай сыртқы жаңалық емес, жақын уақытта теңге бағамына тікелей әсер етуі мүмкін маңызды фактор болып саналады.

Бұған дейін, Каспий құбыры арқылы мұнай экспорты наурызда 48%-ға артқанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз