
Астанада Нұра ауданындағы Күлтегін көшесінде орналасқан он қабатты тұрғын үйден шыққан өрт сөндіріліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) кіреберіс тұрғындары эвакуацияланғанын, төрт бала мен бір ересек адам құтқарылғанын хабарлады.
Кіреберістегі электр қалқандары жанып, қатты түтін шыққан.
«Шұғыл түрде өрт оқпандары тартылып, өртті толық жою үшін барлық шаралар қабылдануда. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Үй тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ТЖМ.
Сағат 21:52-де ТЖМ өрттің толық сөндірілгенін хабарлады.
Министрліктің нақтылауынша, бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейінгі электр қалқандарының шахтасы жанған.
Өрт сөндірушілер автосатының көмегімен үш баланы құтқарып алды. Сонымен қатар, баспалдақ марштары арқылы құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, екі адам (оның бірі – бала) қауіпсіз жерге шығарылды.
12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйдің 15-қабатында орналасқан пәтерден шыққан өрт үш баланың өмірін қиған болатын. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әйел адамды құтқарып қалды, ол қазір жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.