Жаңалықтар

Атырауда шегірткемен күреске 250 млн теңге бөлінді

саранча
Атырауда шегірткемен күреске 250 млн теңге бөлінді / Фото: wirestock/Freepik

Атырау облысында шегірткеге қарсы күрес шараларына жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылық және жер қатынасы басқармасы хабарлады.

Биыл өңірде зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Шегірткемен күрес үшін барлығы 114 мың гектар жер өңделеді. Оның ішінде 79 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткеге қарсы, ал 35 мың гектардан астам алқапта үйірлі емес шегірткемен күрес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы толық аяқталып, мердігер ұйым анықталды.

Химиялық өңдеу жұмыстары дәстүрлі түрде мамыр-маусым айларында жүргізіледі. Шаралар өңірдің жеті аумағын қамтиды. Атап айтқанда, Атырау қаласы, сондай-ақ Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Махамбет және Жылыой аудандары қамтылмақ.

«Жұмысқа 160-қа жуық адам тартылады. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен сегіз бірлік жерүсті газ генераторлы техникасы жұмылдырылады. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған жұмыстарда екі жерүсті газ генераторы мен үш дельтаплан пайдаланылады. Ең ауқымды жұмыстар Құрманғазы және Қызылқоға аудандарында жүргізіледі», – деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапанов.

Мамандардың айтуынша, басымдық бірінші кезекте егістік алқаптарына беріледі.