Бағасы арзандады: Мәсімовтің самурай қылышы тағы аукционға қойылды

Экс-премьер Кәрім Мәсімовке тиесілі болған самурай қылышы осымен бесінші мәрте аукционға шығарылды. Төрт мәрте өтпей қалған жәдігер бұл жолы арзан бағаға сатылғалы жатыр.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) қазір түрмеде отырған шенеунікке тиесілі болған қылышты тағы саудаға шығарды. Аукцион Suada порталында 29 сәуірде түскі сағат 12:00-де басталады. Бастапқы баға – 380 мың теңге. Саудаға қатысу үшін 81,5 мың теңге төлеу қажет.
Айта кетейік, 2024 жылдың аяғында мамандар самурай қылышын 543 мың теңгеге бағалаған. Осы жолы жәдігер өз құнынан 163 мың теңге (30%) арзан бағаға сатылғалы жатыр.

Экс-шенеуніктің қылышты қайдан алғаны әзірге белгісіз. Дегенмен суық қарудың бағасы ғана емес, оның бұрынғы иесінің ықпалы да 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін түсіп қалғаны анық. 2023 жылғы сәуірде Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған. Сот арнайы қызметтің бұрынғы басшысын мемлекетке опасыздық жасады деп таныған.
Естеріңізге сала кетейік, Мәсімовтің аукционға шығарылған зәулім сарайын да ешкім алмай, ақыры мемлекеттік мекемеге тапсырылған.