Бундеслигадағы «Юнион» футбол клубын алғаш рет әйел адам жаттықтырады

Берлиннің «Юнион» футбол клубына Мари-Луиза Эта бас бапкер болып тағайындалды. 34 жастағы маман Бундеслига тарихында ерлер командасын басқаратын алғашқы әйел атанды.
Bild басылымының мәліметінше, бұған дейін ол U19 жасөспірімдер құрамасымен жұмыс істеп, жаздан бастап клубтың әйелдер командасына ауысуды жоспарлаған. Енді оған «Юнион» клубын элиталық дивизионда сақтап қалу міндеті жүктелді.
«Клуб маған жауапты міндетті сеніп тапсырғанына қуаныштымын», – деді ол.
Мари-Луиза Эта Дрезден қаласында туған. Бұрын кәсіби футболшы болып, жартылай қорғаушы позициясында ойнаған. Ол «Турбине Потсдам» клубында өнер көрсетіп, Германия чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Сондай-ақ Германияның әртүрлі жас санатындағы жастар құрамаларына шақырылған.
Айта кетейік, Мари-Луиза Эта «Юнион» клубының құрылымында 2023 жылдан бері жұмыс істейді, бұған дейін негізгі команданың жаттықтырушылар штабында болған. Ал осы уақытта дейін клубты басқарған Штеффен Баумгарт 12 сәуірде қызметінен кетті.