Доллардың әлемдік қордағы үлесі 26 жылдық минимумға түсті

Жарияланды
Доллар үлесі азайып барады / фото: gemini generated

Bloomberg басылымының мәліметінше, АҚШ долларының әлемдік қаржы қорындағы беделі түсіп, соңғы 26 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Қазір әлемдік валюта мен алтын қорының небәрі 46 пайызы долларға тиесілі. Мұның басты себебі – әлем елдерінің Орталық банктері долларға қарағанда алтынды көбірек жинауға көшкен. Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне келгелі бері доллар Орталық банктерді толық сендіретіндей тұрақтылық көрсете алмай отыр.

Соғыс қаупі және сенімнің жоғалуы

Таяу Шығыстағы соғыс алдағы апталарда қайта басталуы мүмкін деген қауіпке байланысты долларға деген сенім азайды. Трамп командасы Исламабадта Иранға қарсы соғысты тоқтату туралы нақты келісімге келе алмады.

Осындай тұрақсыздықтың кесірінен доллардың орнына алтын сияқты сенімдірек активтерге деген сұраныс артып, олардың құны өсті.

Негізгі көрсеткіштер құлдырады

Наурыз айының соңында ғана әлемдік қордың 57 пайызы доллармен сақтаулы тұрған еді. Алайда небәрі екі аптаның ішінде бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті.

Егер 2017 жылмен салыстыратын болсақ, доллардың үлесі айтарлықтай құлдырағанын байқаймыз. Дегенмен Халықаралық валюта қорының мәліметінше, егер есептеуден алтынды мүлдем алып тастап, тек ақшалай қорларды ғана қарайтын болсақ, доллар әлі де әлемдік қордың 57 пайызын құрап тұр.

Тарихи ұқсастық және жаңа бағыт

Бұл жағдай әлемдік Орталық банктердің өз қаржысын тәуекелге тікпей, оны тек бір ғана валютада ұстамай, әртүрлі басқа валюта мен алтынға бөліп сақтауға көшіп жатқанын көрсетеді. Тарихта доллардың үлесі 50 пайыздан төмен түскен кез соңғы рет 1990–1991 жылдары болған.

Ол кезде де барлық жерде инфляция жоғарылап, экономикалық дағдарыс қаупі төніп тұрған болатын. Қазіргі жағдай сол кездегі қиын кезеңді еске салып отыр.

Еске сала кетейік Қазақстанның халықаралық резервінде алтын үлесі артып келеді. 2024 жылдың соңында резервтегі алтынның үлесі 52% болса, 2026 жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 80%-ға жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз