Министрлік мектеп түлектерінің кешін өткізуге қатысты ескерту жасады

Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, мектеп бітіру кештерін өткізуге жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отыр.
Енді аттестаттарды табыстау рәсімі мен мектеп бітіру кештері тек білім беру ұйымдарында өтуі керек, одан тыс жерлерде ұйымдастырылмайды. Сонымен қатар, оқушылардан, ата-аналарынан қаражат және өзге де материалдық сыйлық жинауға қатаң тыйым салынады.
«Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды», – делінген хабарламада.
Ішкі істер қызметкерлеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Алмалы аудандында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның түлектері мектеп кешіне 200 мың теңгеден ақша жинағаны анықталған еді. Алматы қаласының тұрғыны оқиғаға байланысты шағымданып, президентке үндеу жолдаған. Кейін Алматы қаласының білім басқармасы мектеп бітіру кешіне ақша жинау фактісіне жол берген мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жариялады.