Қоғам

Ерболат Жанабылов курс сату туралы ой қалай пайда болғанын айтты

Блогер Ерболат Жанабылов сотта жауап беріп жатыр/фото: kursiv.media

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. 2026 жылдың 13 сәуіріндегі сот отырысында Ерболат Жанабыловтан жауап алынды.

Блогер соттағы жауабында курс сату туралы ой қашан және қалай басталғанын айтты.

Сөзінше, әйелінің косметикаға қатысты кәсібі бар. Сол үшін бірнеше рет Қытайға барған. Сол уақытта әлеуметтік желідегі оқырмандары Қытайдан тауар сатып алуды үйренгісі келетіні туралы айтқан.

«Сол кезде әйелім екеумізге неге осы білімді, тәжірибені басқаларға бөліспеске деген ой келді. Неге онлайн курс ашпаймыз деп ойладық. Себебі бәрінің Қытайға барып, зауыттарды аралап, тауарды өз көзімен көріп қайтуға қаражаты жете бермейді. Бару, ұшақ билеті, ол жақта тұру қомақты қаражатты талап етеді», – деді Жанабылов сотта.

Даудың басы

2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді

Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.

Қылмыстық іс

Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.

«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.