Қоғам

Ерболат Жанабылов заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын мойындады

жанабылов суд
Жанабылов тағылған айыпты ішінара мойындады/фото: youtube.com/Ерболат Жанабылов, бильд-редактор: Дастан Шанай

Блогер Ерболат Жанабылов сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.

Ерлі-зайыпты қылмыстық кодекстің 214 (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабында (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр. Жанабылов сотта заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын мойындады. Тіпті жасаған әрекетініне өкінетінін жеткізді.

«Сырттан қарағанда ойнап қалған адам шығармын. Алайда темекі тартпаймын, ішімдік ішпеймін. Спортқа жақын адаммын. Үш балам бар. (…) Мен қорықтым. Бірінші қыркүйекте балаларымды мектепке жіберген жоқпын. Он бес күн сабаққа бармады. Балама «анаң сотталып жатыр ма?» деп айтып тұр. Жүрегіме қатты тиеді», – дейді Жанабылов сотта.

Айтуынша, бай-бақуатты ата-анасы жоқ, әйелі екеуі өз еңбегімен көтерілген.

«Байдың баласы емеспін. Он жыл бойы еңбек еттік. Алты адам 13 шаршы метр жатақханада алты адам болып 18 жыл тұрдық. Әйеліммен де осы жатақханада таныстық. Қолымызда ештеңе болмады, екеуміз бәрін бірге бастадық. Бізді қазір қылмыскер, алаяқ деп көрсетіп жатыр», – дейді сотталушы.

Блогер неге өзіне іс қозғалғанын түсінбейтінін айтты. Тіпті «біреудің жолын кесіп кеттік пе екен?» деген сұрақ та қойды.

Даудың басы

2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді

Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.

Қылмыстық іс

Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.

«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.