
Ақтау қаласында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әзербайжан командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 9:2 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл — жаңа бас бапкер Рикарду Камара Собралдың (Какау) жетекшілігімен өткен алғашқы ойын.
Матч нәтижесі
Қазақстан — Әзербайжан — 9:2 (3:1)
- Голдар: Игита (14′), Абдуманапұлы (15′), Ақбалықов (17′), Оразов (24′, 32′), Дәрібай (30′), Мәдияров (31′, 36′), Кнауб (33′) — Казиханов (16′), Рустамли (37′).
Ойын басында Қазақстан құрамасы белсенді шабуылдап, қонақтар қақпасын торуылдады. Алғашқы голды қақпашы-бомбардир Лео Игита соқты. Кейін Әбдірасул Абдуманапұлы мен Альберт Ақбалықов есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы басымдықты толық қолға алды. Біржан Оразов пен Агеділ Мәдияров дубль жасаса, Ақжол Дәрібай мен Арнольд Кнауб бір-бір голдан еншіледі. Ойын соңына қарай қақпаға Нарун Серіков шықты. Матч 9:2 есебімен қазақстандықтардың пайдасына аяқталды.
Бұл – Евро-2026 іріктеу кезеңіндегі сәтсіздіктен кейін отставкаға кеткен Каканың орнына келген Какаудың алғашқы матчы. Екі команда арасындағы екінші жолдастық кездесу 15 сәуірде өтеді.