Жаңалықтар

Кешбэктен ипотекаға дейін: Freedom Bank ауқымды жаңартуларын таныстырды

Фото: Freedom Bank

Жақында Астанада өткен «Freedom Inside» ауқымды ивенті барысында Freedom Bank басшылығы бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады. Таяу арада банктің клиенттерін бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер күтіп тұр.

Енді Freedom Bank-тен зейнетақы мен жәрдемақы алуға арналған арнайы шот ашқан жандарға коммуналдық қызметтерді төлегені, дәрі-дәрмек пен азық-түлік, сондай-ақ әуе және теміржол билеттерін сатып алғаны үшін жоғарылатылған кешбэк беріледі.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, клиенттердің аталған санаты коммуналдық төлемдер мен дәріханалардан тауар сатып алғаны үшін 10%-ға дейін кешбэк ала алады. Зейнеткерлер Freedom Bank карталарымен және Freedom SuperApp қосымшасы арқылы азық-түлік алса, 7%-ға дейінгі қаражаты қайтарылады. Сонымен қатар, оларға тоқсанына бір рет тегін пойыз билетін алуға немесе әуе билетін 7 мың теңгеге дейінгі жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Фото: Freedom Bank

Бұдан бөлек, Freedom Inside форумында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Freedom Bank арасында келісім жасалды. Ынтымақтастық аясында денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық сервистерді енгізу көзделген.

Серіктестік аясында тараптар дәрігерге жазылу механизмдерін жетілдіру, пациенттерді ақпараттандыру сервистерін дамыту және цифрлық арналар арқылы медициналық көмек алу ыңғайлылығын арттыру бойынша бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға, соның ішінде процестердің ашықтығын арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізуге және медицина, дәріхана саласындағы ұйымдармен өзара іс-қимылды жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді.

Фото: Freedom Bank

Іс-шара барысында банк пен «BI Group» инвестициялық-құрылыс холдингі арасында меморандумға қол қойылды. Серіктестер жаңа өнім – тұрғын үй жинақ ипотекасы аясында банк клиенттері үшін жылжымайтын мүлікті сатудың эксклюзивті шарттары туралы келісті.

Жоба клиенттерге жеке тұлғалардың тұрғын үй құрылыс жинақтары механизмін пайдалана отырып, бастапқы нарықтағы баспананы сатып алу үшін жеңілдетілген несиеге жол ашады. Бастапқы жарна 30%-дан 50%-ға дейін, жылдық мөлшерлеме 5%-дан басталады (ЖТСМ 5,1%). Қосымша артықшылық ретінде жылжымайтын мүлік нысандарының цифрлық витринасы жасалады және BI Group сатылымдарына ерекше қолжетімділік беріледі. Сатылым басталған алғашқы үш күнде клиенттер ипотеканы Freedom SuperApp қосымшасы арқылы тиімді шарттармен ресімдей алады.

Форум барысындағы айтулы жаңалықтардың бірі – Freedom SuperApp ішіндегі Freedom Lenta платформасының іске қосылуы.

Фото: Freedom Bank

Тұсаукесер барысында Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов Freedom Lenta қалай істейтінін көрсетті. Бұл – қаржы мен бизнесті дамытуға бағытталған әлеуметтік-коммерциялық платформа әрі тауарлар витринасы қызметін атқармақ. Атамыш алаң сатушылар мен сатып алушыларды байланыстыратын сервис болады деп күтіліп отыр. Сатушылар өнімдері туралы айтып, арнайы шарттар ұсынып, оларды Freedom SuperApp арқылы таргеттей алады. Ал пайдаланушылар тауарларды сатып алып, іріктеп қана қоймай, контентке араласады, коммент қалдырып, пікір жазады, белсенділігі үшін кешбэк алады. Ең бастысы, бизнес тауарларына қосымша кешбэк ұсынып, аудиторияны тарту механизміне ие болады.

Freedom Bank өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін толық циклді сервистер жасауды жоспарлап отыр. Оған онлайн тіркелу, төлем чектерін қалыптастыру, автоматты есеп беру және салықтарды онлайн төлеу кіреді. Төлемдерді телефон нөмірі, QR-код, төлем шотын жіберу немесе басқа карталар мен Apple Pay арқылы қабылдауға болады. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам үшін де, сатып алушы үшін де операциядан кешбэк қарастырылған.

Фото: Freedom Bank

Сонымен қатар, Freedom Bank жалақы жобасына қосылған клиенттер үшін индивидуалды дизайндағы төлем карталарын шығаратынын хабарлады. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ қызметкерлері осындай карталардың алғашқы иесі атанбақ. Теміржол саласы мамандарына арналған бірегей ұсыныстар Freedom Bank пен ҚТЖ арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында жасалады. Олар үшін Freedom SuperApp-та теміржол билеттеріне 20%-ға дейін кешбэк қарастырылған.

Төлем карталарының жеке дизайнын әзірлеу бойынша жаңа қызметті банктің жалақы жобасына қосылған барлық компания пайдалана алады. Олар брендтің корпоративтік стилін ескере отырып жасалады. Қазіргі кезеңде бірегей дизайндағы карталар цифрлық форматта шығарылады.

Сонымен бірге, банк клиенттер үшін бірегей дизайн желісін кеңейтуді жалғастыра береді. Мәселен, Warner Bros.-пен лицензиялық келісімнің жалғасы ретінде Гарри Поттер әлемінен балаларға арналған карта дизайндары шығады. Жас сиқыршы туралы кітаптар мен фильмдер сериясының жанкүйерлері лимиттелген картаны Freedom SuperApp қосымшасында аша алады. Карталарды Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay әмияндарына қосуға болады.

Фото: Freedom Bank

Сонымен қатар, іс-шарада футбол сүйер қауым үшін бірегей коллаборациялар таныстырылды. Отандық футбол жұлдызы Темірлан Анарбековтың бейнесі бар карта «Қайрат» жанкүйерлерін қуантса, әлемдік футбол жанкүйерлері үшін Mastercard-пен серіктестік арқасында Лионель Мессидің бейнесі бар карта шығарылды.

Айта кетейік, бұл футбол тақырыбындағы алғашқы дизайн емес. Бұған дейін банк VISA халықаралық төлем жүйесімен бірлесіп «Барселона» ФК-ның  жартылай қорғаушысы – Ламин Ямальдың бейнесі бар карта шығарған. Оны қазірдің өзінде 400 мыңнан астам адам пайдаланады.

Фото: Freedom Bank

Спортшылардың бейнесі бар карталардан бөлек, іс-шарада танымал блогер Нұрдәулеттің (@nnnurdalet), сондай-ақ блогер және бизнесмен Руслан Шаекиннің («101 друг Шаекина» подкасты) атаулы карталарының дизайндары таныстырылды.