Жаңалықтар

Маңызды мұнай келісімі қарсаңында Қазақстанның Сеулдегі елшісі ауысты

Қазақстан мен Оңтүстік Корея тулары
Қазақстан мен Оңтүстік Корея тулары / фото: shutterstock

13 сәуірде президент жарлығымен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі қызметіне Әсет Исенәлі тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Мемлекет басшысының тағы бір жарлығымен Нұрғали Арыстанов Сеулдегі елші қызметінен босатылды.

Ақорда дипломатия саласындағы ауыс-түйіс себебін түсіндірмеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы сәуір айында Оңтүстік Корея билігі мұнайды Қазақстаннан сатып алғысы келетіні мәлім болды. Сеул шикі мұнайдың 61%-ын, ал нафтаның 54%-ын дәл осы Ормұз бұғазы арқылы тасымалдап келген. Парсы Шығанағында соғыс жүріп жатқанына байланысты билік шикізаттың балама жолдарын қарастырып жатыр.

Бір күн бұрын, 12 сәуірде Қазақстан мен Оңтүстік Корея мұнай саудасына қатысты келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланды. Бұл туралы елдің өнеркәсіп министрі Ким Чжон Кван мәлімдеген.

Дүйсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Таиландтағы елшісі Марғұлан Баймұханға Мьянмадағы елшісі қызметін қоса атқаруды тапсырды.