
Мемлекетке қарызын 2025 жылы толық қайтарған Bank RBK акционеріне 495 млн теңге дивиденд төлейді. Бұл ретте әрбір акцияға 1 100 теңгеден беріледі. Бұл туралы банктің қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.
KASE мәліметіне сүйенсек, қазір айналымда банктің 450 мың дана артықшылықты акциясы бар.
Bank RBK актив көлемі бойынша орта деңгейлі, бірақ ықпалы бар банк. 2025 жылы 64,2 миллиард теңге пайда тапқан. Былтыр қаржы ұйымы 2017 жылдары Ұлттын банк арқылы мемлекеттен алған қарызын мерзімінен бұрын толық қайтарды.
Соңғы жылдары меншік құрылымы бірнеше рет өзгерді. «КСС ФИНАНС» ЖШС арқылы түпкі акционері – Владимир Ким (89,79%) мен Наталья Акентьева (6,49%).
Қазақстандық Forbes нұсқасы бойынша Кимнің байлығы 2025 жылдың мамырында 5,7 млрд доллар, ал ғаламдық Forbes нұсқасы бойынша 5,6 млрд долларды (706-орын) құраған.
Бұған дейін экономист Ғалым Құсайынов Владимир Ким өзіне тиесілі банкті сатуы мүмкін деген болжам жасаған.