Жаңалықтар

Банктер қомақты несие беру үшін енді алақан ізін талап етеді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді банк клиенттері жеке басын тек бет-әлпеті арқылы ғана емес, алақан ізі бойынша да растай алады. Бұл ретте тексеруден сәтті өткен және эталондық үлгімен дәл сәйкес келген фотосурет ұлттық биометриялық жүйенің базасын автоматты түрде толықтырып отырады.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп, банктер мен төлем ұйымдарына арналған жаңа биометриялық сәйкестендіру қағидасында жазылған. Жаңа ережелер 2026 жылдың 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Бұл өзгерістер онлайн-несие алу, шот ашу және цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу кезіндегі алаяқтықтың жолын кесуге бағытталған.

Жаңа ереже кімге қатысты?

Жаңа талаптар барлық екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және электрондық ақшамен жұмыс істейтін төлем ұйымдарына міндетті болады.

Енді бұл мекемелер Ұлттық банктің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының (СДАО) қызметін пайдалануға міндетті.

Қандай жағдайда биометриядан өту міндетті?

Банк қызметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында клиенттер бірқатар маңызды операциялар кезінде міндетті түрде биометриялық тексерістен өтуге тиіс.

Бұл процесс ең алдымен банк шотын қашықтан ашу немесе банктің мобильді қосымшасына алғаш рет тіркелгенде жеке тұлғасын растау үшін қолданылады.

Сонымен қатар, егер клиент бұған дейін биометриялық сәйкестендіруден өтпеген болса, банк арқылы ЭЦҚ кілтін алу барысында да оның биометриялық деректері қайта тексеріледі.

Аса ірі сомаға несие алатын кезде де бұл тексеріс міндетті. Тек банктер ғана емес, сонымен бірге микроқаржы ұйымдары да ірі сомадағы қарыз берерде осы жүйені қолдануға міндеттелген.

Бұған қоса, ақпаратың өзектілігін сақтау мақсатында клиенттің деректерін жоспарлы түрде жаңарту кезінде де биометриялық бақылау шаралары жүргізіледі.

Тексеріс қалай жүргізіледі

Бұдан былай бет-әлпетті жай ғана суретке түсіру жеткіліксіз. Жүйе адамның дәл өзі екенін анықтау үшін арнайы технологияны (Liveness Detection) қолданады.

  • Бет-әлпет бойынша: Камера алдында тұрғанда жүйе клиентке кемінде үш түрлі команда береді (мысалы, басты бұру, көзді жыпылықтату немесе күлімсіреу). Егер бұл тапсырмалар дұрыс орындалмаса, тексеру сәтсіз деп танылады. Үш рет қателескен жағдайда жол жабылады.
  • Алақан ізі бойынша: Бұл әдіс тек банк немесе ұйым бөлімшелерінде (офлайн) қолданылады. Арнайы сканер алақандағы қан тамырларының орналасуын, жылуын және көлемін тексеріп, муляж немесе қолдан жасалған үлгілерді бірден анықтайды.


Егер клиенттің түскен бейнесі мемлекеттік базадағы эталонмен 95% және одан жоғары дәрежеде сәйкес келсе, бұл фото Ұлттық биометриялық жүйенің қорын толтыру үшін пайдаланылады.

Барлық биометриялық деректер, видеожазба және клиенттің келісімдері қауіпсіз жерде сақталады. Банктер мен СДАО бұл ақпаратты клиентпен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін де кемінде 5 жыл бойы сақтауға міндетті.

Егер азамат бұрын ешқашан несие алмаған болса және оның несие тарихында ақпарат жоқ болса, ол 150 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы бұл шамамен 650 мың теңге) асатын қарыз алу үшін банкке жеке өзі баруы тиіс.

Бұл ретте банк бөлімшесінде де биометриялық тексеру жүргізіліп, клиенттің жазбаша келісімі алынады. Ал егер несие сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, банкке бармай-ақ, қашықтан биометрия арқылы рәсімдеуге болады.