Жаңалықтар

Шығынға батқан алтын өндіруші компания былтыр 3 млрд теңге таза пайда алған

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық алтын өндіруші BASS Gold компаниясы 2025 жылы қаржы жағдайын айтарлықтай жақсартқан Компанияның шоғырландырылған есебіне сәйкес, бір жыл бұрын 3,06 млрд теңге шығынға батқан кәсіпорын өткен жылды 3,11 млрд теңге таза пайдамен аяқтады.

Бұл жетістіктің басты себебі – табыстың еселеп артуы. Егер 2024 жылы компания түсімі 3,29 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,32 млрд теңгеге жетті. Ал жалпы пайда 133,3 млн теңгеден бірден 8,08 млрд теңгеге дейін өсті.

Өндіріс жаңа деңгейге жеткен

Табыстың қарқынды өсуіне Ұлытау облысындағы «Үшшоқы» кен орнында жүргізілген жаңғырту жұмыстары тікелей әсер етті. 2024 жылдың маусымында фабрика жаңартылып, компания Доре қорытпасын шығара бастады.

Былтырғы түсімнің негізгі бөлігі, атап айтқанда 11,87 млрд теңгесі дәл осы жаңа өнімді сатудан түскен. Бұл BASS Gold-тың шикізат өндірушіден дайын өнім шығаратын деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Оң көрсеткіштерге қарамастан, аудиторлар компанияның өтімділік мәселесіне назар аударды. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша, кәсіпорынның қысқа мерзімді міндеттемелері оның активтерінен 7,01 млрд теңгеге асып кеткен.

BASS Gold (ЖШС «BASS Gold») — бақылаушы пакеті Шыңғыс Садуақасовқа тиесілі қазақстандық алтын өндіруші компания. Кәсіпорын Ұлытау облысындағы («Үшшоқы») және Алматы облысындағы («Шынасыл-Сай») кен орындарын игерумен айналысады. Компания геологиялық барлаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді.

Былтыр BASS Gold компаниясы үш жаңа аймақта алтын іздеуге рұқсат алған.