Заңсыз тартып алды: мыс кен орнынан айырылған шетелдік инвестор сотқа бермек

Қазақстанның тау-кен саласында үлкен дау туындап жатыр. Қарағанды облысындағы Көктасжал және Қызылшоқы мыс кен орнының инвесторы ауысқаны туралы ақпарат шыққаннан кейін, бұрынғы инвестор CoreX Holding (YILDIRIM Holding) наразылығын білдіріп, халықаралық сотқа беретінін мәлімдеді.
Жаңа инвестор және болашақ жоспар
Жақында Көктасжал және Қызылшоқы кен орынына Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген Altyndara компаниясы жаңа инвестор болып келгені хабарланды.
Altyndara өкілдері жобаға 500 млн доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Олардың жоспарында тау-кен жұмыстарын ұлғайту, Қызылшоқы учаскесінде байыту фабрикасын салу және 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Ресми деректер бойынша, кен орындарындағы руда қоры 50 млн тоннадан, ал таза мыс қоры 500 мың тоннадан асады деп бағаланған. Бұған дейін лицензия «Алтай Полиметаллы» компаниясына тиесілі болып, бірақ билік бұл компания жобаны ұзақ уақыт бойы іске асыра алмады деген уәж атады.
Altyndara компаниясы биыл наурызда ғана тіркелген. Компания басшысы мен құрылтайшысы – Аяулым Мұратбек.
Компания қарызға батқан
Инвестор ауысқанға дейін жобамен айналысқан «Алтай Полиметаллы» компаниясы соңғы жылдары қаржы қиындығына тап болған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы компанияның шығыны 18,2 млрд теңгені құрап, түсімі 17 пайызға азайып кеткен. Компанияның қысқа мерзімді қарыздарының жалпы көлемі 305 млрд теңгеден асып жығылды.
Әсіресе, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) алдындағы 17,9 млрд теңгелік қарыз ерекше назар аудартады, себебі кен орнының негізгі активтері мен лицензиялары осы банкте кепілде тұрған. Сонымен қатар, АХҚО соты Сингапур арбитражының шешімін мақұлдап, компанияға 14 миллион доллар өтемақы төлеуді міндеттеген.
CoreX Holding-тің ұстанымы қандай?
Түрік-нидерланды CoreX Holding компаниясы бұл жағдайға байланысты шұғыл мәлімдеме жасады. Олар кен орындарының жаңа инвесторға берілуін «ұйымдасқан агрессивті тартып алу» және «заңсыз экспроприация» деп атап отыр.
CoreX Holding-тің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарында олар «Алтай Полиметаллы» және «Теректі Кен Байыту» компанияларының 100% үлесін сатып алу туралы ағылшын құқығына негізделген келісімшартқа қол қойған. Бұл құжат әлі де өз күшінде.
Соңғы 30 ай ішінде компания акцияларды қайта ресімдеу кезіндегі кедергілерге қарамастан, кәсіпорынның жұмысын тоқтатпай, 180 млн доллар қаржы салған. Бұл ақша жұмысшылардың жалақысы, айыппұлды өтеу және өндірістік шығындарға жұмсалған.
CoreX басшылығы бұл активтер тек солардың салған капиталының арқасында сақталып, жұмыс істер тұрғаныны алға тартады.
Халықаралық сотқа жүгінбек
CoreX Holding 2013 жылдан бері Қазақстан экономикасына 1,4 млрд доллардан астам инвестиция құйған және алдағы 5 жылда бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді.
Алайда, қазіргі жағдайға байланысты компания өз құқықтарын қорғау үшін жергілікті және халықаралық сотқа шағым түсіретінін ресми түрде жариялады.
Инвестордың пікірінше, мұндай әрекеттер Қазақстанның халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, CoreX Holding халықаралық қаржы институттары мен банктерге бұл активтердің қазіргі уақытта сот дауының нысанын екенін ескертіп, ресми хабарлама жібермек.
Қазақстанда кейінгі жылдары 100 тоннаға жететін алтыны мен 36 мың тонна мысы бар 5 кен орны ашылған.