Қазақстаннан тікелей ұшуға болатын елдер саны азайды

Елде 2028 жылға дейін бес қаладағы әуежай жөндеуден өтеді. Бұл туралы елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте айтылды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көрсетілді. Ішінде Астана әуежайы 9,2 млн адамға, Алматы әуежайы 12 млн адамға қызмет көрсеткен. Жалпы әуекомпаниялар 20,8 млн жолаушы тасымалдаған.
«2028 жылға дейін 11 инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылады, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары кіреді», – делінген ақпаратта.
Одан бөлек халықаралық маршрут желісін 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңейту жоспарланып отыр. 2024 жылы 115 маршрут болған. Алайда 2025 жылы Қазақстаннан тікелей рейспен 31 елге бару мүмкіндігі болды. Ал жалпы 144 бағыт ашылғаны айтылды.
Авиаотын бағасы арзандады
Одан бөлек қазақстандық әуе компаниялар үшін отандық авиаотын құны төмендетілген. Қазір әуежайларда бір тонна отын бағасы шамамен 800 доллар тұрады.
«Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларына жаңа шетелдік компаниялар келе бастады, олардың ішінде Centrum Air (Өзбекстан), Shiraq Avia (Армения), Martinair (Нидерланд), One Air (Ұлыбритания), Atlas Air (АҚШ), MNG Airlines (Түркия) және тағы да басқалары бар», – делінген ақпаратта.
Кеңесте премьер-министр ұшақтар қажет авиакомпанияларды қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырды.
Бұған дейін Жетісу облысында халықаралық әуежай салынатынын айтылды.