
2025 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы рекорд орнатып, 182 млрд долларға жетті. Бұл – Қазастанның қаржы тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бір жыл ішінде берешек көлемі 17,2 млрд долларға немесе 10,4%-ға өскен.
Ranking сарапшыларының жазуынша, мұндай өсім кейінгі 17 жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін қарыз динамикасы бірде азайып, бірде аздап көтеріліп, бірқалыпты деңгейде сақталып келген еді.
Экономикаға түскен салмақ
Қарыздың тек абсолюттік көлемі емес, оның экономиканың жалпы көлеміне (ЖІӨ) қатысты үлесі де артқан. Егер компанияаралық берешекті есепке алсақ, қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы қатынасы 56,6%-дан 59,4%-ға дейін көтерілді.
Ал бұл берешекті алып тастағанның өзінде көрсеткіш 25,3%-дан 30,1%-ға дейін артты. Осы сандар Қазақстанның сыртқы нарықтағы қарызға тәуелділігі артып келе жатқанын және өтімділікке қатысты тәуекелдердің туындауы мүмкін екенін меңзейді.
Экспорттан түсетін табыс қанша
Елдің сыртқы қарызын қаншалықты еркін өтей алатынын көрсететін маңызды индикатор – экспорттан түсетін түсім мен берешек арақатынасы. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш те нашарлаған.
Мәселен, сыртқы қарыздың жылдық экспорт көлеміне қатынасы 182,7%-дан 201,7%-ға (компанияаралық берешекпен бірге) жетті.
Бұл – қарызды өтеуге кететін шығынның экспорттан түсетін табысты көбірек «жей» бастағанын білдіреді. Яғни елдің сыртқы берешегін өтеуге жұмсалатын салмақ жылдан-жылға ауырлап келеді.
Дегенмен, оң көрсеткіш те жоқ емес: Ұлттық банктің алтын-валюта резерві қысқа мерзімді қарыздарды толық жабуға қауқарлы. Резервтердің қысқа мерзімді берешекке қатысты көрсеткіші бір жылда 235,4%-дан 301,6%-ға дейін жақсарған.
Қарыздың өсуіне кім «үлес» қосты?
Сыртқы қарыздың құрылымына үңілсек, негізгі өсім банк секторы мен мемлекеттік басқару органдарына тиесілі екенін көреміз:
- Банктер: Екінші деңгейлі банктердің қарызы бір жылда 39,4%-ға (5,2 млрд долларға) өскен. Қазіргі таңда жалпы берешектің 10,1%-ы банктердің еншісінде.
- Мемлекеттік сектор: Мемлекеттік органдардың қарызы 25,3%-ға немесе 3,2 млрд долларға ұлғайды.
- Компанияаралық берешек: Бұл сектор керісінше 1,4%-ға азайған. Десе де, Қазақстан жалпы қарызының жартысына жуығы (49,4%) әлі де осы бағытқа тиесілі.
2025 жылы Қаржы министрлігі халықаралық қаржы нарығында белсенділік танытып, жалпы сомасы 4 млрд доллар болатын үш транш еурооблигация орналастырған.