Саясаттанушы: Мажарстандағы саяси өзгерістің Орталық Азияға да қатысы бар

Түркі елдері одағында бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстанда саяси биліктің ауысуының Орталық Азияға да қатысы бар. Саясаттанушы Досым Сәтбаев жексенбіде өткен парламент сайлауын «тарихи» оқиға деп бағалады.
12 сәуірде Мажарстан халқы өз таңдауын жасады. Парламент сайлауы нәтижесінде, елді 16 жыл басқарған Виктор Орбанның «Фидес» партиясы (38%) жеңіліс тапты. Ал Петер Мажар басқаратын «Тиса» оппозициялық партиясы 53,5% дауыспен жеңіске жетті.
«Бір қызығы, осы сайлаудың белгілі бір тұрғыда Орталық Азияға қатысы бар. Өйткені Мажарстан 2018 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына ресми түрде бақылаушы ел ретінде қосылған. Ал 2019 жылы Будапеште осы ұйымның өкілдігі ашылған», – деп жазды Сәтбаев.
Саясаттанушы түркі ұйымның бейресми саммиті биыл мамыр айында Түркістанда өтетінін еске салды.
«Енді осы форумға Мажарстаннан кім қатысатыны белгісіз болып қалды. Осы елде қалыптасқан жағдайды ескерсек, оның саммитке келуі де беймәлім болып тұр», – дейді ол.
Сәтбаевтың пікірінше, жаңа басшысы Петер Мажардың сыртқы саясаттағы ұстанымы Түркі елдері ұйымының 2026 жылдың аяғында Түркияда өтетін саммитінде мәлім болады. Бұл форумға ұйымға мүше елдердің басшылары жиналады.
Будапештің «Шығысты ашу» стратегиясын сақтау-сақтамауы әзірге белгісіз болып тұр. Дегенмен, Сәтбаевтың пікірінше, жаңа басшының Еуропаға қарай ұмтылысы Орталық Азиямен достығына кедергі келтірмеуі керек. Өйткені Еуропа одағы да аймақ елдерімен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі болып отыр.
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті 2026 жылғы 15 мамырда Түркістан қаласында өтеді. Ал бір күн бұрын Түркия президенті Режеп Ердоған мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді.